Әбу Құдабаев Ержанұлы
Әбу Ержанұлы Құдабаев 1899 жылы қазіргі Қызылорда қаласы маңындағы Махамбетов ауылы аймағында дүниеге келген. Әкесі Ержан сіңірі шыққан кедей болған. Бірақ, оған қарамастан ұлы Әбуді оқытуды армандап, ауылдағы ескі мектепке оқытады. Зейінді, оқуға алғыр Әбу оны өте жақсы аяқтайды. Баласының білімге деген құштарлығын сезген әке оны оқуын одан әрі жалғастыру үшін қаладағы Н.Щипков орыс қазақ мектебіне береді. Жасынан кітапқа, оқуға құмар Әбу жоқшылыққа қарамастан мұнда да жақсы оқиды. Мақтаулы оқушы болады. Бұл мектепті бітірген соң 1917 жылы Әбу жоғары бастауыш училищесіне түседі. Оқып жүріп өзі сияқты Сүлеймен Есқараев, Дүйсен Тәжиев, Иса Тоқтыбаевтармен танысып, достасады.
Әбу Құдабаев 1918 жылдың қыркүйегінде коммунистік партияның қатарына кіреді. Арада аз уақыт өткен соң 19 жасында Уезде рефком құрылғанда уездік ерекше бөлім бастығының орынбасары болады. Жас коммунист партия қайда, қандай қиын жұмысқа жіберсе де оны мүлтіксіз, адал, таза орындайды. Сондықтан болса керек, 1921 ші жылы укомның хатшысы болса, 1921-1923 жылдары Сырдария губкомының хатшылығына сайланады. Бұл,әрине, оған көрсетілген үлкен сенім еді. Бұл губернияның ол кезде аймағы үлкен болған. Оған Түркістан, Шымкент, Ақмешіт уездері қараған. Соған қарамастан ол тап жауларына қарсы жанқиярлықпен қызмет істейді. Ташкенттегі Түркістан Республикасының басшылары болып істейтін Тұрар Рысқұлов, Ғани Мұратбаев, Темірбек Жүргеновтермен тез-тез кездесіп, олармен губернияда болып жатқан істер жайлы ақылдасады.
«Істес болып жүріп байқағаным - дейді белгілі ғылым, профессор Әуелбек Қоңыратбаев өз естелігінде, - Әбу сол бір қиын кезде өріс алған жікшілдік (жерлестік) психологиясынан түгелдей аман еді. Анығына келсек, бұл байсалды большевиктік қасиет болатын. Әрине, Әбудің бұл мінезін кейбір бейбақтар түсінбейтін».
Ия ол кезде қате - кемшілікті бетке тура айтқанды ешкім жақсы көрмеген. Бірақ Әбу ондайға төзбеген, қарақылды қақ жарған, принципшілдігінен ......... Ақмешіт уездік атқару комитетінің (1923-1924) төрағасы қызметіне келеді. Дегенмен оның қалаға келуі коп пайда келтіреді. Ақмешіттің әлеуметтік - экономикалық және мәдениетінің дамуына жанын сала ықпал жасайды. Қаланы астана етуге дайындайды.
1924 жылы 27 қазанда РКП(б) Орталық Комитеті мен Бүкілодақтық Орталық Ақтау Комитетінің қаулысы шығып, Қазақ АССР - ның құрамында Қарақалпақ автономиялық облысы құрылады. Бұл тілі бір, діні бір Қарақалпақ халқы үшін үлкен қуаныш еді. Міне, осы жас автономиялық облыстың алғашқы ревалюциялық комитетінің төрағалығына Әбу Құдабаев бекітіледі де, сонда қызметке кетеді. Сол жақта жүріп ұлт шекараларын белгілеу шараларын жүзеге асыру, округтер мен болыстарға бөлу және оларды таза, адал басшы кадрлармен жабдықтау мәселелеріне араласады. Әсіресе, автономиялық облыстың алғашқы ұйымдастыру съезіне дайындық жасау және оны жеткізу жұмыстары кезінде Әбу шебер ұйымдастырушы екенін таныта білді. Осы съезд жайлы сол уақытта Қызылордада шығып тұрған «Советская степь!» (10 наурыз 1925 ж) газет былай деп жазды.
«...Ұлттық шекараларын белгілеу бойынша ревалюцияда съезд Қарақалпақстан автономиялық облысының құрылуын мақұлдады және Қазақстан АССР -ына қосылуын салтанатты түрде белгіледі. Бірінші шақырылған облыстық атқару комитеті сайланып, комитеттің төрағалығына Әбу Құдабаев (ұлты қарақалпақ) 1 орынбасарлығына Алланияз Айтешов (ұлты қарақалпақ) екінші орынбасарлығына Тәжин Непесов (ұлты өзбек) хатшылығына Ержан Қожыров (ұлты қазақ) сайланды».
1925 жылы мамыр айында облыс еңбекшілері атынан КСРО кеңестерінің Бүкілодақтық III съезінде Қасым Әуезов, Әбу Құдабаев екеуі делегат болып Мәскеуге барады. Ал 1925 жылдың қазан айында Қарақалпақстанның сол кездегі астанасы Төрткүл қаласында өткен облыстық партия конференциясында обкомның бірінші хатшылығына сайланады. 1928 жылға дейін осы қызметте жүріп Әбу Құдабаев Орталық Комитеттің тікелей көмегімен жергілікті ұлт өкілдерінен басшы кадрлер дайындауда едәуір жұмыстар атқарады.
Халықтар достығын нығайту, еңбекшілерді интернационализм рухында тәрбиелеу, ауылшаруашылығы артельдерін құру, жаппай сауатсыз қарақалпақ халқын мәдениетті елге айналдыру сияқты мәселелерімен айналысады. Тапсырылған істі әрдайым мұқият орындайтын оның осындай еңбегін ескеріп ВКП(б) Қазақстан өлкелік комитеті 1928 жылы Мәскеудегі Я.М.Сверлов атындағы шығыс еңбекшілері коммунистік университетіне оқуға жібереді. Оқыған сайын оқысам, білім алсам, оны жетілдірсем деген Әбуге бұл оң түседі. Ол бұл оқуды табысты аяқтайды. Мұнан соң әуелгі кездері ВКП(б) Орталық комитетінің Орта Азиялық бюросында әр түрлі жауапты қызметтер атқарады. 1934 жылы Төменгі Шыршық аудандық партия комитетінің хатшысы болып 1935 жылға дейін істейді. Кейін Қарақалпақстанға келіп, Хожелі аудандық партия комитетінің хатшысы, ал 1936 жылы Қарақалпақстан АКСР жер істері халық комиссары болып ұсталғанға дейін қызмет атқарады.
Сонымен бірге Әбу Құдабаев бірінші шыққан Қарақалпақстан АКСР Конститутциясы редакциялық коллегиясының мүшесі, облыстық «Еркін Қарақалпақ» газетінің алғашқы редакторы болды. 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, содан дерексіз кетеді. Үш перзентімен Әбудің жұбайы Ажарға осы күннен бастап тіршілік ету азапқа түседі. Отырған үйін біреулер келіп тартып алады. Бұлар енді жер төледе тұрады. Жұмыс істейін десе «халық жауының» әйелі деп ешкім мұны маңына жолатпайды. Енді не істеу керек?.......... базарға апарып сатады. Сойтіп жүріп ұсталып кеткен Әбуді сұрастырады. Ақыры арада бір жылдай уақыт өткен кезде оның Төрткүлдің түрмесінде жатқанын естиді. Дереу балаларын ертіп сонда барады. Әрең дегенде Әбуді көруге рұқсат алады. Барса қаракөлеңке бөлмеде Әбу бір өзі отыр екен. Бұларды көріп қуанып қоя берді. Мұнан соң олар ол жақта көп тұрмай, өздерінің туып өскен жері осы- Қызылордаға келеді. Ағайын туыстарды сығалап, әрі – бері жүреді, болмайды. Жағдай белгілі «халық жауының» әйелі. Сөйтіп жүргенде қаладағы жүйке аурулары емханасынан жұмыс табылып, жұбайы Ажар сонда орналасады. Содан зейнетке шыққанша сол жерде істейді. Жұмыста жаман болмайды. Жақсы істерімен көзге түседі. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің громатасы, және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Дегенмен әуелгі кезде жұмыстан тапқан азын - аулақ тиын - тебен не болсын, науқастанған балаларын емдетуге де шамасы келмейді. 1940 жылы Рүстемі, ал 1955 жылы Мариясы қайтыс болады. Бұл, әрине, Ажарға оңай соқпайды. Амал қанша, құдайдың салғанына көніп, ендігі қалғаны Темірге денсаулық, өмір тілейді. Сталин өлген соң мемлекет басына Н.Хрущев келіп, 1957 жылы елде жазықсыз жапа шеккендер ақтала бастайды. Осы тұста баласы екеуі әркімнен ақыл сұрап, тиісті жерлерге хат жазады. Сөйтіп жүргенде 1957 жылы КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясынан коптен күткен хат та келеді: «Приговор коллеги от 13 октября 1938 года в отнашении Кудабаева А.Е. по вновь.открывшиемся обстоятельством отменен и дело прекрашена за отсутсвием о составе преступления. Кудабае А.Е реабилитирован посмертно». Ә.Құдабаев 58 статьяның 4 бабымен «кеңес үкіметіне қарсы әрекеттері үшін» айыпталған екен. Амал қанша ?! Әділдік кеш орнайды.
Елім деп, халқым деп, күйіп - жанып жұмыс істеген арыстай азамат 20 жылдан кейін осылай «қайта тіріледі». Әбу Құдабаевтың отбасы осылай «халық жауы» деген пердеден құтылады. Әбудің әкесі Ержан. Ержаннан олар үшеу – Мақаш, Әбу, Әбілда. Бұлардың ұлты қарақалпақ. Руы – Ақмаңғыт. Олардың аталары да осы Қызылорда маңында өскен қарақалпақтар. Ал, жұбайының ұлты қазақ, руы - жаппас. Қарақалпақстанмен байланысымыз КСРО кезінде жақсы еді. 1977 жылы қарақалпақ әдебиеті мен өңірінің Қызылордада он күндігі өтіп, сонда Әбуді көрген одан ақыл - кеңес алған Өзбекстан және Қарақалпақстан республикаларының халық шайыр - жазушылары Жолмырза Аймырзаев, Тілеуберген Жамамұратовтар, кейінгі ақын інілері Ибрайым Юсупов, Ғалым Сейтназаров, Тәжеддин Сейтжанов және ғылымдар Бабаш Исмайлов, Саражддин Ахметовтар біздің үйде қонақта болды. Атамыз жайлы көп - көп естеліктер айтты, қарақалпақша қосықтарын оқыды. Бұған менің жұбайым Темір бір серпіліп қалды . Олар еліне қайтарда «Әбудің атамақанына кел деп кеткен. Бірақ жұмыс - жұмыс деп жүріп, Темір екеуміз ол жаққа ат ізін сала алмадық. Өмір - өзен деген осы, өтіп жатыр.
Әбу Ержанұлы орыс, қазақ тілдерінде таза сөйлеумен қатар өзінің ана тілі - қарақалпақ тілінде емін - еркін сөйлеген. Бұл жайлы онымен бірге істеген ғұлама ғалым, филология ғылымдарының докторы профессор Әуелбек Қоңыратбаев бірнеше мақалалар жазған. Сондай – ақ, белгілі қарақалпақ әдебиетінің зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Ә.Беруни атындағы Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қырықбай Байниязов Әбудің істеген қызметтері туралы жер – жерден сұрау салып, деректер жинап, баспасөзге материалдар жариялаған. Ия, Ә.Құдабаев жөнінде көтдеген ғалымдар, журналистер уақты – уақты қалам тербеп жүр. Соның бір айғағы ретінде осы Қызылорда қаласының бас газеттері саналған «Сыр бойы» мен «Кызылординский вести» газеттерін де атап өтуге болады. Бұл газеттердің журналистері Қызылорданың 80 жылдығына байланысты Әбуді жазған материалдарында, оның Қазақстандағы сіңірген еңбегін әсіресе, алғашқы астана – Ақмешіт қалалық атқару комитетінің төрағасы болғандығын орынды көрсеткен. Демек, Әбу Ержанұлы Құдабаев біздің де мақтан тұтар азаматымыз. Олай болса Әбудің келіні Жібек Бекетқызы Сәтбаеваның Талап - тілегін ескеріп, қала, облыс басшылығы Әбудің туған жеріндегі мектепке оның есімін берсе, одан ешкім ұтпаса ұтылмайды. Отан үшін, туған ел үшін қызмет еткен Әбу Құдабаевтың есімі қашанда тарихымыздың төрінен орын алады.






